Жарияланған күні:
Тусон, АҚШ – Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек АҚШ-қа ресми сапары аясында Kozybayev University делегациясымен бірге Аризона Университетіне барды. Сапардың мақсаты – халықаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайту және отандық жоғары мектепті жаһандық академиялық кеңістікке ықпалдастыру.
Kozybayev University мен Аризона Университеті арасындағы ынтымақтастық Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы бойынша 2022 жылы бастама жасалып, елімізде жетекші америкалық жоғары оқу орнының шетелдік филиалын ашудың алғашқы тәжірибесі болды. Бұл қадам ұлттық білім беру жүйесін дамытудағы жаңа кезеңді білдірді және академиялық интеграция үшін кең көкжиекке жол ашты.
Қазақстандық делегацияның құрамына Kozybayev University басқарма төрағасы – ректор Ербол Исакаев, «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Абай Рахмет және тағы басқалар кірді. Сапар бағдарламасы қос дипломның бірлескен бағдарламаларын, білім беру және зерттеу технологияларының трансфертін, сондай-ақ академиялық алмасу мен ғылыми тағылымдамалардың жаңа форматтарын дамыту перспективаларын талқылауды қамтыды.
Аризона Университеті тарапынан Халықаралық байланыс жөніндегі вице-президент Дженни Ли, Орталық және Оңтүстік Азия мәселелері жөніндегі аға директор Рики Салазар, сондай-ақ жетекші профессорлар мен зерттеушілер қатысты. Бұл ретте, Kozybayev University Агроқұзыреттілік орталығының бірлескен жобаларын, соның ішінде өсімдік және мал шаруашылығындағы геномдық зерттеулерді, су ресурстарын басқаруды және тұрақты агротехнологияларды дамытуды қамтитын жобаларды талқылауға ерекше назар аударылды.
Kozybayev University мен Аризона Университеті арасында, атап айтқанда медицина және бизнес секілді стратегиялық маңызды бағыттарда білім беру бағдарламаларын кеңейту туралы екі жақты келісімге қойылды.
Сапар аясында делегация Аризона Университетінің ғылыми инфрақұрылымымен, соның ішінде Геномика институты мен Ауыл шаруашылығы зерттеу орталығымен танысты. Тараптар мамандар даярлауды, ғылыми тағылымдамаларды және біліктілікті арттыру бағдарламаларын талқылады.