Жарияланған күні:
Мөлдір Мұқан, ғылыми тағылымдамалар бағдарламасының стипендиаты, Қазақстанды халықаралық ғылыми қауымдастықта танытып, Ұлыбританияның жетекші зерттеу университеттерінің бірі – Queen’s University Belfast-те білім алуда.
2023 жылдың күзінде Мөлдір ғылыми тағылымдамаға өтінім беріп, желтоқсан айында көптен күткен оң жауап алды. Университетті таңдауы саналы түрде жасалды: Queen’s University ғылыми жұмыс жүргізу үшін бірегей мүмкіндіктер береді, соның ішінде халықаралық деректер базаларына қолжетімділік пен әлемдік деңгейдегі сарапшылармен кеңес алу.
Бүгінде Мөлдір корпоративтік қаржы саласындағы зерттеу жұмысымен айналысуда. Оның жобасы корпоративтік басқаруды жетілдіру және компанияларда ашықтықты арттыру мақсатында акционерлердің дауыс беру процедуралары мен нәтижелерін зерттеуге бағытталған.
Ғылыми семинарлар әлемнің түкпір-түкпірінен келген зерттеушілерді біріктіреді. Германия, Ұлыбритания және Мароккодан келген ғалымдармен тұрақты кездесулер идеялар алмасуға және инновациялық тәсілдерді дамытуға ықпал етеді.
«Халықаралық ғалымдармен жұмыс істеу және әлемдік деңгейдегі ресурстарға қолжетімділік күрделі тақырыптарды тереңірек зерттеуге мүмкіндік береді. Ғылыми тағылымдамалар бағдарламасына ризамын, ол мені жетекші ғылыми орталықтарға алып келді», – дейді Мөлдір.
Оның зерттеулері Қазақстандағы корпоративтік қаржыға деген көзқарасты өзгертуге әлеуетті. Жұмысының нәтижелері корпоративтік бақылау механизмдерін жетілдіруге ықпал етіп, компанияларда жаңа басқару стандарттарын енгізудің негізі бола алады.
Queen’s университетінің ғылыми жетекшісі-доктор Ержан Тоқболат. Доктор Ренанның зерттеулері корпоративті қаржы және басқару мәселелеріне бағытталған. Көптеген маңызды ғылыми еңбектердің авторы.
Queen’s University Belfast – Ұлыбританияның беделді университеті, 24 әлемдік деңгейдегі ғылыми-зерттеу университеттерінен тұратын элиталық Russel Group құрамына кіреді. 1845 жылы құрылған бұл университет QS және Times Higher Education нұсқалары бойынша әлемдегі үздік 250 университеттің қатарына енген. Зерттеулерінің шамамен 90%-ы халықаралық деңгейде маңызды деп танылып, экономика, денсаулық сақтау, цифрлық технологиялар және қоршаған ортаны қорғау сияқты салаларды қамтиды.
Ғылыми тағылымдамалар қазақстандық ғалымдарға әлемнің ең үздік білім беру мекемелеріне жол ашып, халықаралық тәжірибеден өту үшін бірегей мүмкіндіктер береді.