Әнуар Жанғозин «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ Басқарама төрағасы лауазымынан кетеді
Құрметті достар, бүгін Халықаралық бағдарламалар орталығындағы қызметім аяқталады. Бұл мен үшін алға қойылған міндеттерді орындап, жақсы нәтижеге қол жеткізген кезең болды.
Жұмыс барысында бірқатар маңызды бастамаларды әріптестермен бірлесіп жүзеге асырдық.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Болашақ» бағдарламасын қайта бағдарлау процесі басталды. Инженерлік-техникалық және медициналық мамандарға арналған жеңілдіктер бекітілді. Енді олар алдымен тілдік дайындықтан өтіп, шетелдік жоғары оқу орындарына жеңілдетілген шарттармен түсе алады.
Биыл еңбекпен өтеу мерзімін бір күнтізбелік жылға қысқартумен басқа тараптың есебінен оқытуды қоса қаржыландыру тетігі бекітілді. Бұл стипендиаттарды көбірек қамтуға және бюджет қаражатын үнемдеуге мүмкіндік береді.
Жоғары оқу орындарымен оқу ақысын төмендету бойынша әріптестікті кеңейту жөніндегі жұмыс күшейтілді. Осының арқасында былтыр 150 млн. теңгеден астам қаражат үнемделді.
2023 жылы «Fortune Global 500», «Forbes Global 2000», «Forbes Top 100 Digital Companies» сынды әлемдік рейтингтерге кіретін үздік компанияларда жұмыс істейтін стипендиаттар үшін еңбекпен өтеу мерзімін шегеру енгізіледі. Академиялық оқуды аяқтағаннан кейін болашақтықтар бір жыл бойы халықаралық корпорацияларда тәжірибе жинақтап, бірлескен зерттеулер жүргізе алады.
«Болашақ» бағдарламасы үміткерлерінің шет тілін білу деңгейіне қойылатын талаптар күшейтілді. Енді конкурсқа қатысу үшін үміткерлердің барлығы шет тілінен емтихан тапсырғаны туралы сертификат ұсынады. Аталған шара іріктеу сапасын арттыру үшін қабылданды.
500 ғалым үшін жыл сайынғы тағылымдамалар – бөлек ауқымды жоба. Биылғы жылы осы бағдарлама аясында кандидаттарды іріктеу критерийлері жетілдірілді, ғылыми тағылымдамадан өту үшін әлемнің 34 елінен 420 ЖОО, ғылыми-зерттеу орталық пен ұйым тізімі қалыптастырылды. Сондай-ақ 130-дан астам мамандықты көздейтін ғылыми зерттеулердің басым бағыттарының тізімі әзірленді.
Былтыр біздің Орталықтың қызметкерлері «Болашақ» стипендиясы, ғылыми тағылымдамалар және үкіметаралық гранттар үміткерлерінің 3000-нан астам жеке ісін қарап шықты. 7000-нан астам мемлекеттік қызмет көрсетілді.
Әріптестердің жүйелі жұмысының арқасында ел бюджетіне міндеттемелерін орындамаған стипендиаттардан 1,6 млрд. теңгеден астам қаражат қайтарылды.
Осы және басқа да жетістіктердің барлығы Халықаралық бағдарламалар орталығы ұжымының қажырлы еңбегінің арқасында мүмкін болды. Барлық әріптесіме кәсібилік танытып, табанды еңбек еткені үшін алғыс білдіргім келеді. Жұмыста табыс, биік белестер тілеймін. «Болашақ» бағдарламасы өсіп-өркендей берсін!