Жарияланған күні:
Нурушева Гүлмира Келдыбаевна – «Ғылыми тағылымдамалар» бағдарламасының түлегі, PhD доктор. Ағымдағы уақытта ол А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының профессор ассистенті болып қызмет етуде.
Гүлмира Нурушева Қазан (Еділ бойы) федералдық университетінде ғылыми тағылымдамадан өтті. Тағылымдама барысында ол заманауи педагогикалық инновациялар саласында берік ғылыми-теориялық және практикалық негіз қалыптастырып, зерттеушілік құзыреттерін едәуір кеңейтті, біліктілікті арттыру курстарынан өтті, сондай-ақ халықаралық ғылыми конференциялар мен форумдарға қатысып, ғылыми баяндамалар жасады.
Оның ғылыми қызметінде архивтік дереккөздермен жұмыс ерекше орын алады. Татарстан Республикасының Ұлттық архиві мен Қазан федералдық университетінің архив қорлары зерттеліп, соның ішінде XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында аталған жоғары оқу орнында білім алған қазақ студенттерінің бірегей жеке істері анықталды. Бұл отандық білім беру тарихын зерделеуге елеулі үлес болып табылады.
Бүгінгі таңда зерттеушінің ғылыми қоржынында 50-ден астам ғылыми жарияланым бар. Оның ішінде Scopus дерекқорында индекстелетін журналдарда жарияланған 3 мақала, сондай-ақ Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті ұсынған басылымдарда жарық көрген 10-нан астам мақала бар. Ғалымның еңбектерінде әлеуметтік-тарихи эволюция, қоғамдық қатынастардың трансформациясы және мәдени дәстүрлердің өзгеруі мәселелеріне ерекше назар аударылады.
Қазіргі уақытта Гүлмира Нурушева 1920–1930 жылдардағы қазақ мамандарының қалыптасу үдерісіне арналған ғылыми зерттеу жүргізіп, кадрларды даярлау процестері мен олардың ұлттық зиялы қауымның қалыптасуындағы рөлін талдауда.
«Ғылыми тағылымдамалар» бағдарламасына қатысу түлектің кәсіби және тұлғалық дамуына елеулі ықпал етті. 2023 жылы бұл тәжірибе академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында Хорватия Республикасындағы Дубровник университетінде өткен ғылыми тағылымдамамен толықты.