Жарияланған күні:
2022 жылы ол «Ғылыми тағылымдамалар» бағдарламасы аясында Израиль мемлекетінің Негев Тзафон ауылшаруашылық ғылыми-зерттеу орталығында тағылымдамадан өтті.
Тағылымдама кезеңінде Израильдің жетекші профессорларының дәрістеріне қатысып, Сде-Бокер құс шаруашылығында, Амбар азық өндіру зауытында, асшаяндар өсіретін шаруашылықта және Бен-Гурион университетінің ауылшаруашылық биотехнологиясы зертханасында тәжірибелік жұмыстар жүргізді. Бұл тағылымдама ғалымның теориялық білімін тереңдетіп, практикалық дағдыларын жетілдіруіне мүмкіндік берді.
Қазіргі уақытта Әсел Ержанқызы ауылшаруашылық азық өндіру технологиясы, құс және балық шаруашылығы өнімдерінің қауіпсіздігі мен сапасы бағытында дәрістер оқиды. Сондай-ақ «Академиялық хат» және «Тағам қауіпсіздігінің заманауи әдістері» пәндерінен магистранттар мен докторанттарға сабақ береді. Оның жетекшілігімен студенттер мен магистранттар дипломдық және диссертациялық жұмыстарын сәтті қорғауда. Оның шәкірттері шетелдік жоғары оқу орындарында магистратурада білім алып, ғылыми қызметпен айналысып жүр.
«Менің зерттеу жұмысым ветеринария, тағам қауіпсіздігі, азық пен азық қоспаларын дайындау технологиясына, сондай-ақ пробиотиктер, микробиология, аквакультура және жұқпалы аурулар мәселелеріне бағытталған. Осы салалардағы ізденістерімнің нәтижесінде импакт-факторы жоғары шетелдік басылымдарда, халықаралық және республикалық конференцияларда жарық көрген 70-тен астам еңбегім, оқу құралы, монографиям мен бірнеше патентім бар», – дейді ғалым.
2023 жылы Әсел Ержанқызы ҚР Жоғары білім және ғылым министрлігінің гранттық қаржыландыру конкурсында жеңімпаз атанып, «AP19576848 – Балық өнімділігін арттыру және балық өнімдерінің сапасын бағалау үшін симбиотикалық құрам негізінде құрғақ су өткізбейтін толық экструдталған жемді әзірлеу» тақырыбындағы жас ғалымдарға арналған ғылыми жобаның жетекшісі болды.
Ол бірқатар ғылыми жобалардың атқарушысы ретінде жануарлар ауруларының қоздырғыштарын зерттеу, қауіпсіз жем өндіру және азық-түлік сапасын арттыру бағыттарында жұмыс істейді. Сонымен қатар, ғалым коммерцияландыру жобаларына белсенді қатысып, экологиялық таза жем мен функционалды жемшөп қоспаларын өндіру технологияларын әзірлеуге үлес қосуда.
Паритова Әсел Ержанқызы – өзінің ғылыми ізденісімен, педагогикалық шеберлігімен және халықаралық тәжірибесімен ауыл шаруашылығы ғылымының дамуына елеулі үлес қосып келе жатқан отандық ғалымдардың бірі.