Жарияланған күні:
Рүстембаев Арман Базарханұлы – «Ғылыми тағылымдамалар» бағдарламасының түлегі, PhD доктор. Қазіргі таңда С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің Инжиниринг және тағам технологиялары институты директорының ғылыми-зерттеу жұмысы және интернационалдандыру жөніндегі орынбасары болып қызмет етеді.
Ол әлемнің жетекші жоғары оқу орындарының бірі – АҚШ-тың Флорида университетінде (University of Florida, Gainesville, USA) Agricultural and Biological Engineering бағыты бойынша ғылыми тағылымдамадан өтті.
Тағылымдама барысында ғалым Балтимор қаласында өткен ASA-CSSA-SSSA International Annual Meeting 2022 халықаралық форумында ғылыми баяндама жасап, сондай-ақ Джорджия штатының Гриффин қаласында ұйымдастырылған International Training Program DSSAT 2022 бағдарламасына қатысты. Ғылыми жетекшілерімен бірлескен жұмыстың нәтижесінде Scopus және Web of Science базаларына кіретін, Quartile 1 санатындағы халықаралық рецензияланатын Sustainability (Switzerland) MDPI журналында ғылыми мақала әзірленіп, жарық көрді.
Қазіргі уақытта Арман Рүстембаев «Машиналық оқыту алгоритмдері мен ГИС-технологиялар негізінде Қазақстандағы зиянды дара-саяқ шегірткелер популяциясын фитосанитарлық болжау модельдерін әзірлеу» ғылыми жобасының бас ғылыми қызметкері ретінде жұмыс жүргізуде. Оның тағылымдама кезінде алған білімі жобаның міндеттерін тиімді іске асырып, аграрлық зерттеулерге машиналық оқытудың заманауи құралдарын енгізуге мүмкіндік беріп отыр.
Сонымен қатар ол бразилиялық әріптестерімен бірлесіп, EMBRAPA халықаралық зерттеу жобасына қатысуда. Жоба «Бразилияның құрғақ аймақтарында қой шаруашылығына арналған минералдық қоспалар компоненттері ретінде теңіз суын тұщытудан қалған қалдықтарды бағалау» тақырыбында жүзеге асуда.
«Флорида университетіндегі тағылымдама менің кәсіби өсуімдегі маңызды кезең болды. Бұл тәжірибе маған аграрлық технологиялар саласында бірегей білім беріп қана қоймай, халықаралық ғылыми байланыстарымды кеңейтуге, сондай-ақ Бразилия, Үндістан, Пәкістан, Венесуэла, Испания, Германия және басқа да елдердің зерттеушілерімен ынтымақтастығымды нығайтуға мүмкіндік берді.», - дейді түлек.
Толығырақ сұхбатта.