Жарияланған күні:
Халықаралық бағдарламалар орталығының Басқарма Төрағасы Әлия Оспанованың Ұлыбритания мен АҚШ-тың жетекші университеттерінің өкілдерімен өткен жұмыс кездесулері аясында маңызды келісімдерге қол жеткізілді. Енді университеттер «Болашақ» бағдарламасы стипендиаттарына және ғылыми тағылымдамашыларға оқу ақысына 30%-ға дейін тікелей жеңілдіктер ұсынады, бұл мемлекеттің білім беру шығындарын айтарлықтай қысқартып, шетелде білім алудың қолжетімділігін арттырады.
«Ұлыбританияның жетекші университеттерінің басшылығымен, сондай-ақ бұған дейін американдық университеттермен жүргізілген келіссөздер барысында біз «Болашақ» бағдарламасы стипендиаттарына, ғылыми тағылымдамашылар мен тіл курстарына қатысушыларға тікелей жеңілдіктер беру туралы келісімге келдік. Бұл келісім тек біздің студенттеріміз үшін жағдайды жақсартып қана қоймай, сондай-ақ мемлекеттік қаражаттың айтарлықтай үнемделуіне әкеледі. Мысалы, биыл 100-ден астам студентке 10%-дан 30%-ға дейінгі жеңілдіктердің арқасында оқу ақысына шамамен 250 миллион теңге үнемделді. Қазіргі уақытта АҚШ пен Ұлыбританияның 20-дан астам университеті біздің стипендиаттарымызға тікелей жеңілдіктер ұсынады. Бізде мұндай келісімдер жасалған университеттер саны күн санап артып келеді», - деп атап өтті Халықаралық бағдарламалар орталығының Басқарма төрағасы Әлия Оспанова.
Бұл келісімдер қазақстандық стипендиаттардың шетелде өзінің академиялық жетістіктері мен ғылыми зерттеулердегі әлеуеті арқылы үлкен сенім мен танымалдыққа ие болғанын көрсетеді. Ұлыбритания мен АҚШ-тың көптеген университеттері Халықаралық бағдарламалар орталығымен көп жылдан бері серіктес болып, біздің студенттердің білімге деген құлшынысын және ғылыми зерттеулерге қатысуын жоғары бағалап келеді.
Әлия Оспанова Ұлыбританияға сапары барысында University of Warwick, University of Manchester, University of Reading сияқты бірнеше жетекші университеттердің өкілдерімен кездесу өткізсе, АҚШ-та University of Minnesota, Boston University сияқты жоғары оқу орындарымен келіссөздер жүргізіліп, маңызды келісімдерге қол жеткізілді.
Университеттер мен олардың зерттеу орталықтары тікелей жеңілдіктерден бөлек, өздерінің ғылыми ресурстарына қолжетімділікті қамтамасыз етуге, стипендиаттардың жатақханалардағы жағдайын жақсартуға және бейімделу мен ерекше тәжірибелік білім алудың мүмкіндіктерін ұсынуға дайын екендіктерін білдірді. Бұл қазақстандық студенттер мен ғалымдар үшін ғылыми қызметтің жаңа көкжиектерін ашады.
Сондай-ақ, Басқарма Төрағасы «Болашақ» бағдарламасы стипендиаттары және ғылыми тағылымдамашылармен кездесіп, бағдарламадағы жаңа өзгерістер мен жетілдірулерді талқылады. Өз кезегінде, стипендиаттар іріктеу процесінің әділдігін арттыруға және құжаттарды тапсыру, келісімшарттарға қол қою процестерін цифрлық технологияларды енгізу арқылы жеңілдетуге бағытталған реформаларды қолдады.