Жарияланған күні:

СӘТБАЕВ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ГЕОЛОГТАРЫ КІШІ ҚАРАТАУ ЖОТАСЫ ТАУ ЖЫНЫСТАРЫНЫҢ НАҚТЫ ЖАСЫН АНЫҚТАДЫ

Кіші Қаратау жотасы тау жыныстарының пайда болғанына 820 миллион жыл болды – АҚШ-тың Джонс Хопкинс университеті (Балтимор қаласы) зертханасында қазақстандық ғалымдар жүргізген мамандандырылған геологиялық зерттеулер осындай нәтиже көрсетіп отыр.

Зерттеуге Сәтбаев университеті «Геология» кафедрасының жетекші ғылыми жобасымен «500 ғалым» ғылыми тағылымдамасының түлегі, доцент, PhD докторы Сезім Мұстапаева, қауымдастырылған профессор, PhD докторы Ерқожа Маманов, сондай-ақ «Геология» кафедрасының 2-курс студенті Айболат Талғатбек қатысты. Олар америкалық университеттің шақыруымен ол жақта 30 күндік тағылымдамадан өтті. Айта кету керек, бұған дейін 2022 жылы сезім Мұстапаева осы университетте «500 ғалым» ғылыми тағылымдамадан өтіп, бірқатар зерттеулер жүргізген.

Тау жыныстары мен минералдардың қалыптасу тарихын зерттеу үшін ғалымдар Қазақстаннан әкелінген үлгілердің радиометриялық мерзімдерін белгілеп, көміртегі изотоптарының құрамына талдау жасады. Сонымен қатар зерттеу Кіші Қаратау жотасының қалыптасу жағдайындағы биологиялық белсенділігін, климатын және көміртегі айналымының өзгеруі туралы білуге мүмкіндік берді.

Джонс Хопкинс университетінің ғылыми құрал-жабдықтарын пайдалану, атап айтқанда: сканерлеуші электронды микроскоп (SEM), LA-ICP-MS қондырғысы арқылы U-Pb мерзімін анықтау әдісі, GasBench II пен MAT253 масс-спектрометрін қолдану арқылы δ13C изотопын зерттеу – Оңтүстік Қазақстан аумағындағы тау жыныстарының пайда болу процестері мен осы уақытқа дейін болған геологиялық өзгерістерге жан-жақты талдау жүргізуге мүмкіндік берді. Тау жыныстарының пайда болу тарихының айтарлықтай артуы әртүрлі пайдалы қазбаларды ашудың жоғары әлеуетін көрсетуі мүмкін. Ал Джонс Хопкинс университетімен ынтымақтастықты нығайту академиялық салада жаңа мүмкіндіктер ашады.

Зертханалық жұмыстарды жоғары сапада орындағаны үшін Сәтбаев Университетінің 2-курс студенті Талғатбек Айболат Джонс Хопкинс университетінің «Зертханалық қауіпсіздік саласындағы көшбасшы» төсбелгісімен марапатталды. Ал алынған нәтижелер 2024 жылы өтетін «Сәтбаев оқулары» халықаралық конференциясында көпшілік назарына ұсынылады.

Фото.jpg