Жарияланған күні:
Алдабергенов Данияр Сәбитұлы – «Болашақ» бағдарламасының стипендиаты, King's College London «Онкология және фармацевтика ғылымдары» мамандығы бойынша докторант.
Данияр 1992 жылы Қостанай облысы, Рудный қаласында дүниеге келген. Қазіргі уақытта King's College London Фармацевтикалық ғылымдар институтының өмір туралы ғылымдар және медицина факультетінде докторантурада білім алуда.
Онда стипендиат фармакоэпидемиологияны (полипрагмазия), материалтану мен электрониканың соңғы жетістіктерін, соның ішінде 3D басып шығаруды фармацевтика саласында қолдануды қамтитын маңызды зерттеулерді жүргізуде.
Данияр зерттеу тобының құрамында инвазивті емес медициналық құрылғыларды жасаумен тығыз байланысты тері арқылы дәрі-дәрмек жеткізудің бірегей жүйесін де зерттеп жатыр.
Оның ғылыми зерттеулерінің бір бөлігі Ұлыбританияда өткен конференцияда (Society for the Study of Addiction) ұсынылып, ғылыми журналдарда жариялауға жіберілді.
«Қазақстан - жас және дамушы мемлекет, бізге көп нәрсеге ұмтылу керек. Алға қарай қадам басу – фармацевтика саласындағы алдыңғы қатарлы елдермен бір қатарда тұруға қажетті шарт», - деп атап өтті Данияр.
Стипендиат 2015 жылы Назарбаев Университетінде биология ғылымдары бакалавры дәрежесін алды. Ал 2017 жылы С.Д. Асфендиров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде магистратураны тәмамдады.
Назарбаев Университетінде оқып жүрген кезінде Данияр фармацевтикаға қызығушылық танытып, осы салада жұмыс істей бастады.
2015-2017 жылдар аралығында «Инфекцияға қарсы препараттар ғылыми орталығы» АҚ-ның Фармацевтикалық химия және фармацевтикалық технология зертханасында жұмыс істеді.
2017 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің «Дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды және медицина техникасын сараптау ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК-да қызмет атқарады.
Оқуды сәтті аяқтап, Данияр шетелде алған білімі мен тәжірибесімен туған елінің фармацевтика саласын дамытуға және отандық дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың өндірісін ұлғайтуға өз үлесін қосуға жоспарлап отыр.