Жарияланған күні:
Мақсат Өмірбаев – «Болашақ» бағдарламасының түлегі», Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін «Хирург» мамандығы бойынша тәмамдаған. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша оқуды аяқтағаннан кейін Жамбыл облысы Жуалы аудандық ауруханасында хирург, анестезиолог болып жұмыс істеді.
«Сол кезеңдегі отандық медицинаның аудандық деңгейі, науқастардың өлімі, жүрек ауруларының дер кезінде анықталмауы, осының бәрі мені білімім мен кәсібилігімді арттыруға, еліміздің денсаулық сақтау саласын дамытуға өз үлесімді қосуға итермеледі», - деп атап өтті Мақсат Маратұлы.
Мақсат Өмірбаев 2011-2013 жылдары Ресей Федерациясының бөлінген квотасы бойынша Мәскеу қаласында А.Н.Бакулев атындағы жүрек-қантамыр ғылыми-зерттеу институтының клиникалық ординатурасын аяқтады. 2012-2014 жылдары «Болашақ» бағдарламасы аясында Ресей Федерациясындағы И.М.Сеченова атындағы бірінші Мәскеу мемлекеттік медицина университетінің Қоғамдық денсаулық сақтау саласында магистратурасын аяқтады.
«2014 жылдан бастап Шымкент қаласындағы Түркістан облыстық балалар ауруханасында кардиохирург, интервенциялық кардиолог, ангиохирург, бөлімше меңгерушісі болып жұмыс істеймін. Жергілікті мамандар жыл сайын балалар мен сәбилерде туа біткен жүрек-қан тамырлары ауруларына 400-ден астам ота жасап, отандық медицинаны дамытуға бар күшін салады. 2019 жылы шағын инвазивті инновациялық бағыт-интервенциялық кардиология, ангиохирургия бөлімшесі ашылды, онда балалардың жоғары технологиялық медициналық көмек алуы үшін барлық жағдай жасалған», - деді Мақсат Өмірбаев.
Ол Оңтүстік Корея, Украина, Польша, Израиль мамандарының балалар кардиохирургиясын дамыту бойынша практикалық дәрістеріне қатысып, тәжірибе жинақтады.