Жарияланған күні:
Ұлыбритания Сыртқы істер министрі Дэвид Кэмеронның Астанаға ресми сапары аясында қазақтілін үйрену және Қазақстанда британдық жоғары оқу орындарының филиалдарын ашуға бағытталған меморандумдарға қол қойылды.
Негізгі келісімдердің қатарында А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты, Ш. Шаяхметов атындағы "Til Qazyna" ұлттық ғылыми — практикалық орталығы, "Халықаралық бағдарламалар орталығы" АҚ және Оксфорд университеті арасында жасалған "500 ғалым" ғылыми тағылымдамалар бағдарламасы шеңберінде Оксфорд университетінде Қазақ тілін оқыту бағдарламасын іске қосу туралы меморандум бар.
Сонымен қатар, Нархоз университеті мен Белфасттағы Queen’s University арасында филиал ашу туралы келісім жасалды.
2024 жылдың қаңтарында екі тарап өзара түсіністік туралы меморандумға қол қою арқылы білім беру серіктестікті ресми түрде рәсімдеді. Нархоз студенттері 2+2 және 2+3 схемалары бойынша бизнес менеджменті, бизнес экономикасы және қаржы бойынша бакалавр дәрежесін ала алады.
Сонымен бірге, Ковентри университеті мен University of Astana («Primus Education» ЖШС еншілес компаниясы) арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Бұл филиал бакалавриат және магистратура бағдарламаларының кең спектрін кезең-кезеңімен енгізуді жоспарлап отыр.
Ағымдағы жылдың қаңтар айында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Ұлыбританияда жоғарыда аталған меморандумдарды іске асыру туралы келіссөздер жүргізіп, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша әзірленген Oxford Qazaq Dictionary сөздігінің бірінші басылымын ұсынған болатын.