Жарияланған күні:
«Халықаралық бағдарламалар орталығы» кеңсесінде University of Pittsburgh өкілдерімен кездесу өтті. Делегация құрамында Еуропа зерттеулері орталығының директоры Randall Halle және Ресей, Шығыс Еуропа және Еуразия зерттеулері орталығының директоры Nancy Condee болды.
Кездесу барысында ынтымақтастықты нығайту және «Болашақ» бағдарламасы мен ғылыми тағылымдамалар аясында қазақстандық студенттердің University of Pittsburgh-де білім алу мүмкіндіктері талқыланды.
University of Pittsburgh өкілдері университет ұсынатын жоғары деңгейдегі оқыту, инновациялық зерттеулер және кең ауқымды академиялық бағдарламалар туралы ақпаратпен бөлісті.
University of Pittsburgh университеті медицина, инженерия, бизнес, гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар саласындағы бағдарламаларымен, сондай-ақ денсаулық сақтау, ғылым және технологиялар саласындағы зерттеулерге ерекше көңіл бөлуімен танымал.
Профессор Randall Halle былай атап өтті: «Біз Қазақстанмен ынтымақтастықты нығайту және Сіздердің студенттеріңізге біздің жетекші білім беру және зерттеу бағдарламаларымызға қол жеткізу мүмкіндігін ұсынуға қуаныштымыз».
«Болашақ» бағдарламасы бойынша University of Pittsburgh-де 52 студент білім алды. Олардың 20-сы медициналық, 17-сі техникалық, 14-і гуманитарлық және 1-і әлеуметтік мамандықтарды тәмамдаған. Сондай-ақ 3 адам техникалық физика, педагогика және тарих бағыттары бойынша ғылыми тағылымдамадан өтті.
Кездесу нәтижесінде ынтымақтастықты одан әрі нығайту және қазақстандық студенттер мен ғалымдарға, оның ішінде «Болашақ» бағдарламасы мен ғылыми тағылымдамалар аясында мүмкіндіктерді кеңейту туралы келісімге қол жеткізілді.
Университет туралы: University of Pittsburgh – әлемдік деңгейдегі оқытушы құрамымен, озық зерттеулерімен және кең ауқымды академиялық бағдарламаларымен танымал АҚШ университеті. Университет өнер және жаратылыстану ғылымдары, бизнес, құқық, медицина, инженерия және халықаралық зерттеулер салаларында білім береді. Университеттің басты жетістіктерінің бірі – медициналық және инженерлік мекемелермен және зерттеу орталықтарымен ынтымақтастық орнатуы, бұл студенттерге озық ғылыми зертханаларға қол жеткізу мүмкіндігін береді.
Әсіресе, медициналық зерттеулер мен денсаулық сақтау саласындағы мамандарды даярлауға ерекше көңіл бөлінеді. Питтсбург университеті тұрақты түрде әлемнің ең үздік 100 зерттеу университетінің қатарына кіреді. QS рейтингіне сәйкес, университет медицина бағдарламалары бойынша 59-орында тұр.