Жарияланған күні:

ЖАМБЫЛДЫҢ СУРЕТІ АМЕРИКАДАН ТАБЫЛДЫ

АҚШ астанасында «Болашақ» бағдарламасымен оқып жүрген Дүйсенәлі Әлімақын туралы бұған дейін де айтқан болатынбыз.

Вашингтондағы кітапханалар мен архивтерден қазақ елі туралы дерек жинаудан жалықпаған журналист бірер айда біраз дерек жинап, 20-дан астам көне кітап пен сурет тапқан. Джордж Вашингтон университетінің кітапханасынан жақында тағы бір құнды жәдігер табылды.

Бұл – 1951 жылы Нью-Йорк қаласында баспадан шыққан «Кеңестер Орта Азияда» кітабы. Авторлары – ұлыбританиялық зерттеуші Зелда Коутес пен Уиллиям Коутес. Кітап сол кездегі Кеңес Одағындағы республикалардың жағдайын баян етеді. Тұтас бір тарауын Қазақстанға арнаған. Зерттеушілер Ташкенттен Алматыға келген кезден бастап, қаланың тарихы мен қазақ жеріне алғаш пойыз келген сәтті суреттейді. Әсем Алматының биік таулары, жайқалған гүлдері мен 140-тан астам ағаштың түрі бар екенін де келтірген. 1946 жылы қалада 10 мыңға таяу студент оқитынын жазған.

Дүйсенәлі Әлімақын, журналист:

- Бұл кітап несімен құнды десек, мұнда қазақтың халық ақыны, жырау Жамбыл Жабаевтың Қазақстанда сақталмаған бір суретін кітабына кірістіреді. Әрине, жайдан-жай кірістірмейді, алдымен Абай еңбектерін, Абайдың қазақ халқының әдебиетіндегі руханиятындағы орнын айтып, сосын Жамбылды айтады. «Жамбыл Жабаев өмірге келген кезде қазақ халқының әдебиеті әлі толық қалыптаспаған еді» деп Жамбылдың әдебиеттегі, өнердегі орнын айшықтап жазады.

Зерттеушілер «Жамбылдың суырыпсалма ақындық қасиеті күллі қазақтың мақтанышына айналды» деп жазған. Жарты миллионнан астам өлең шығарғанына тоқталып, өлеңінен үзінді келтірген. Жамбыл Жабаевтың суретінің астына «Қазақстанның халық ақыны Жамбыл» деген түсініктеме де берген.

Дүйсенәлі Әлімақын, журналист:

- Біз бұл суретті Вашингтондағы кітапханадан тапқаннан кейін Жамбыл атамыздың ұрпақтарына хабарластық. Олар бұл суретті көріп, қуанышты жағдаймен бөлісті. Бізде бұл сурет сақталмаған еді, басқаша нұсқасы сақталған, бірақ мына сурет анық әрі Жамбыл жыраудың қасында отырған адамдардың бейнесі өте сәтті түсірілген екен. Біздің музейге әкеліп берсең деген сияқты өтінішін айтты. Қазіргі музей басқарып отырған Жамбыл атамыздың немересі Салтанат Тезекбайқызы осы сурет туралы және суреттегі тұлғалардың кім екенін анықтап айтып берді.

Сол жақта малдас құрып отырған кісі – Ғали Орманов Жамбыл атаның әдеби хатшысы болған. Ал ақ жейделі, жерде жантайып жатқан – аудармашысы, хатшысы Павел Кузнецов, ар жағында отырған кісі – Қадыр Хасенов. Жыраудың біраз өлеңін ұйғыр, қытай тіліне аударған. Оң жақта жантайып жатқан – Тезекбай Жамбылұлы. Ал киіз үйдің босағасында отырған – немересі Ділдәхан. Сондай-ақ кітапта қазақ комбайншы қыздың суреті келтірілген.

Дүйсенәлі Әлімақын, журналист:

- Алдымен Қазақстанның өндірісі, экономикалық, әлеуметтік, ауыл шаруашылығы, мал шаруашылығы туралы айтылып, сол кездегі «Қызыл комбайн» отрядындағы комбайыншы қазақ қызының суретін берген. Қарасаңыз, сол кездегі қазақ әйелінің, қазақ қызының шынайы көрінісі. Мұнда аты-жөні де бар. Құдияш Аунемосова.

АҚШ-та басылып шыққан ғылыми еңбектерде ғалымдар әр сурет пен әр сөйлемге сілтеме беріп, деректі қайдан алғанын ашық түрде жариялайды. Ал бұл суреттерде сілтеме жоқ. Соған қарағанда зерттеушілер өздері түсірген. Қалай болғанда да, алып Американың астанасынан қазаққа қатысты құнды дүниелердің табылып жатқаны – үлкен олжа.

Авторы: Айжан Сыдықова. "24 KZ" телеарнасы.

https://24.kz/kz/zha-aly-tar/o-am/item/638828-zhambyldy-sureti-amerikadan-tabyldy


фото.jpg