Жарияланған күні:
Гуманитарлық саланың дамуы – басты назарда. «500 ғалым» жобасы аясында Ұлыбританияда тағылымдамадан өткен жас ғалым, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің оқытушысы, гуманитарлық ғылымдар магистрі Жанна Ізтілеуова шетел тәжірибесін зерттеп, оқу процесіне жаңа әдіс-тәсілдерді енгізуде.
– Ұлыбританияның Уорик университетінде 3 айлық тағылымдамадан өту барысында ғылыми бағытта зерттеумен айналысып қана қоймай, академиялық білім беру процесіндегі ерекшеліктерімен таныстым. Бұл сапар ғылыми және академиялық бағытта тәжірибе жинақтауға мүмкіндік берді.
Жоғары оқу орнында ағылшын тілін оқыту, білім алушыларға шетел тілін EMI, STEM және CLIL әдістері бойынша үйрету технологиясын игердік.
Университетте болашақ аудармашыларды оқытатын болғандықтан, олардың сабақ кезінде мәтінді аударатын электронды құралдар мен ChatGPT секілді жасанды интеллект қосымшаларын жиі пайдаланатынын байқаймын. Сондықтан шетелдегі алғашқы зерттеуім практика барысында аударма құрылғыларын дұрыс пайдалануға байланысты болды. Аударма жасау кезінде жасанды интеллектке «сену» студенттің сыни ойлау қабілетін төмендетіп, пікірін толық жеткізе алмауына, әдеби тілде көркем аударма жасай білмеуіне әкеледі. Бұл жоба барысында сөздердің баламасын табу, дәлме дәл аудармадан бөлек мәтіннің мағынасына сай ойды орайлы жеткізу жолдарын қарастырдық.
Ал екінші зерттеуім көптілділікке арналды. Яғни осы бағытта оқытушы ұстанатын ұстанымдар мен әдіс тәсілдерді зерттедім. Тағылымдама аясында ғылыми жұмысым профессорлар тарапынан жоғары бағаланып, жақсы деген көрсеткішке ие болдым.
Бұл сапар шетелдік оқу орнындағы ғылыми базамен жеткілікті түрде танысуға, кітапхана қорындағы әдебиеттерді пайдалануға жол ашты. Профессорлар, ең бастысы, «еуропалық стандарт бойынша зерттеу жүргізу керек» деген талап қойды. Өйткені жоғары рейтингілі журналдарға мақала жариялау үшін жазған материалың еуропалық стандартқа сәйкес болуы қажет. Біздің ел де Болон үдерісіне енгізілгенімен әлі де кеңестік жүйенің ықпалы бары рас. Сондықтан профессорлардың тақырып таңдау, жазу бойынша берген кеңестері көп пайдасын тигізді. Байқағаным, біз инновациялық әдіс, модернизация деген тақырыптарға басымдық береміз. Ал шетелде керісінше қарапайым тақырыптарға мән береді, зерттеу жұмыстарын да өздері сабақ беретін шағын сыныпта жүргізеді. Ғылыми жобалары сонысымен өзекті, қарапайым әрі шынайы. Өзің де сабақ беру барысында сондай жағдайларға кезігетін болғандықтан, ғылыми зерттеулерін айтқан кезде «менде де сондай оқиға болған» деп талқылай аласың. Бейтаныс тақырыптарды зерттеу жауапкершілігін алғаннан гөрі, күнделікті оқу процесінде кезігетін жағдайды сараптап, тиімді оқыту технологиясын қарастырған дұрыс секілді. Маған ұлыбританиялықтардың күрделендірмейтіні, қарапайым әрі шынайы ғылыми зерттеулері ұнады.
Осыдан 2-3 жыл бұрын Шотландияның Глазго университетіне баруды армандап, оқытушыларымен байланыс орнатқан болатынмын. Дегенмен бағдарлама бойынша уақыты сәйкес келмей, Англияға жол түсті. Мұндағы Уорик университеті әлем бойынша жоғары рейтингке ие. Оның ішінде мен оқыған «Қолданбалы лингвистика» бөлімі мықты профессорларымен, озық зерттеу жұмыстарымен танымал.
Уақыттың жеткілікті болуы таңдаған салаға да байланысты. Себебі 1 жыл бойы тағылымдамадан өткен ғалымдар бар. Біз гуманитарлық сала болғандықтан 3 ай ішінде тәжірибе алмастық. Ал зертханада эксперимент жасайтын, нәтижесін айлар бойы күтетін жаратылыстану бағытындағы ғалымдар үшін бірнеше жыл қажет болуы мүмкін.
Иә, конкурста бұл жоба үздіктер қатарынан көрінді. Елімізде осы кезге дейін оқу процесінде пайдалануға арналған психологиялық-педагогикалық терминдер сөздігі болмағаны рас. Алғашқы болып үш тілдегі жинақты әзірледім. Бұл еңбек шетел тілінде сабақ беретін оқытушыларға да көп көмегін тигізетіні сөзсіз. Диссертациялық жұмысым, зерттеу бағытым да көптілділікк байланысты. Еуропа елдеріне мигранттар, шетелдік студенттер өте жиі келетіндіктен олар көптілді жүйеге бейімделген. Сондықтан біздің де студенттер сабақ процесінде оқу тілі бойынша таңдау жасайтындай деңгейге жетсе, бірнеше тілді меңгерсе деген мақсатым бар.
Баланы ерте жастан шетел тіліне үйрету «дүбәралыққа» әкеледі дейтіндер аз емес. Дегенмен бала кезден бірнеше тілде сөйлеу интеллектінің дамуына, есте сақтау қабілетінің жақсаруына әкеледі. Бүлдіршін шағында ата-ана баламен мықты байланыс орнатып, телефоннан мағынасыз дүниелер көруіне, белгісіз сайттардан ақпарат алуына жол бермеуі керек. Қадағалаусыз интернетті көп пайдалану баланың санасына кері әсер ететіні де рас.
Бұрын балабақша, 1 сыныптан бастап ағылшын тілін үйрету керек десе, қазір оқушылар тек 3 сыныптан бастап шет тілін меңгереді. 1-2 сыныптарда «Әліппе», «Ана тілін» оқытып, 3 сыныптан кейін өзге тілдерді үйрету – өте орынды шешім.
Әңгімелескен Айдана ЖҰМАДИНОВА
"Ақмешіт жастары" газеті
https://aqmeshit-zhastary.kz/suhbat/zhanna-iztilewova-ueshtildi-psihologijalyq-pedagogikalyq-terminder-zhinaghyn-alghashqy-bolyp-zhasadym-75822/