Құрметті үміткер

Байқаудың барлық кезеңдері онлайн режимінде өтеді

Конкурстық іріктеудің I-туры — кешенді тестілеу

Бұл кезеңде үміткерлер мыналарды өтеді:

  • қысқа мерзімде жаңа ақпаратты талдау қабілетінің деңгейін анықтауға бағытталған вербалдық және сандық ақпаратты талдауға арналған тестілер;
  • үміткердің жеке-іскерлік қасиеттері және үміткердің шетелде оқуға психологиялық дайындығы туралы ақпаратты құрылымдық түрде жинауға мүмкіндік беретін жеке сауалнама. Тиімді қарым-қатынас жасауға және қиындықтармен эмоциялық жағынан күресе отырып, жаңа ортаға бейімделуге, шешім қабылдауға және ойына алған мақсатын іске асыруға мүмкіндік беретін құзыреттерді көрсететін әлеует қалыптастыру.
Болжамды сұрақтар:
  1. Сандық тест - көру үшін басыңыз
  2. Ауызша тест - көру үшін басыңыз
  3. Жеке сауалнама - көру үшін басыңыз

Тестілеудің алдында уақыт мөлшері белгіленбеген мысал сұрақтарға жауап беруге мүмкіндігіңіз болады.

Тест тапсыру кезінде үзіліс жасауға тыйым салынады. Сіз осы тесттердің арасында үзіліс жасауды жоспарлай аласыз, бірақ тестті тапсырып жатқанда үзуге болмайды.

Кешенді тестілеуді сандық немесе вербалдық тесттерді тапсырудан бастауды ұсынамыз, өйткені оларға көбірек уақыт пен назар аудару қажет.

Сіз стандартты калькуляторды, қаламсап пен қағазды қолдана аласыз. Смартфондарда, гаджеттерде және басқа байланыс құрылғыларында орнатылған калькуляторды қолдануға тыйым салынады. Тестілеуден қайталап өтуге болмайды.

МАҢЫЗДЫ!

  • Кешенді тестілеу келесі турға өтуге рұқсат берілетін іріктеу туры. Бірінші турда жұмыс органы белгілеген шекті балды жинай алмаған үміткер екінші турға қатысуға жіберілмейді.
  • Кешенді тестілеуде аудио және бейнежазба жүргізіледі;
  • Тестілеуге дейін компьютеріңіздің тұрақты жұмыс істейтініне, интернет қосылымының тұрақтылығына және камера мен микрофонның дұрыс жұмыс істеп тұрғанына көз жеткізіңіз.
  • Браузер (сайт) терезесі жабылып қалған жағдайда, іріктеу кезеңінің нәтижелері автоматты түрде жойылады;
  • Сайт қойындылары жабылып қалған жағдайда, іріктеу кезеңінің нәтижелері автоматты түрде жойылады, сайт қойындылары ашық болуы тиіс;
  • Тест түрлерінің бірінен өту басталған жағдайда, Сізге тестті соңына дейін тапсыру қажет. Олай болмаған жағдайда іріктеу кезеңінің нәтижелері автоматты түрде жойылады.
Конкурстық іріктеудің II туры –Сараптамалық комиссия (СК) мүшелерімен анонимді жеке сұхбаттасу.

Екінші тур әкімші және СК мүшелерінің қатысуымен ұйымдастырылады және өткізіледі. Бұл кезеңде үміткердің таңдаған ғылыми зерттеу бағыты бойынша мамандық саласындағы ғылыми-зерттеу дайындық деңгейі, теориялық білімі мен ғылыми зерттеуді, шетелдік ұйымды таңдау дәлелі мен түсінігі анықталады.

Сұрақтар мемлекеттік, орыс не болжамды оқу тілінде 4 блок бойынша қойылуы мүмкін:

  • үміткердің ғылыми-зерттеу дайындық деңгейі;
  • таңдаған мамандығы бойынша теориялық білім деңгейі;
  • уәждеме деңгейі, мамандықты таңдауды түсіну деңгейі, дәлелділік;
  • логикалық ойлау деңгейі (себеп-салдарлық байланысты құру дағдысы).

Осы бөлім бойынша сұрақтарға алдын ала дайындалу Сізге СК мүшелеріне өзіңіздің біліміңізді, зерттеу дағдыларыңызды, кәсіби құзыреттеріңіз бен әлеуетіңізді сенімді түрде таныстыруға мүмкіндік береді.

Әсіресе, жоспарланған ғылыми тағылымдама бағдарламасы, шетелдік ғылыми орталық немесе университет, сондай-ақ тағылымдама өтетін елге қатысты сұрақтарға ерекше мән беру қажет.

Сұхбат барысында тағылымдама бағдарламасын терең түсінетіндігіңізді көрсету – ғылыми мансапты дамытуға деген мақсатыңыздың айқын екендігін дәлелдейді.

Сұхбаттың алдында қабылдаушы ұйым, оның ғылыми зерттеулері, зертханалары, жобалары және жетекші ғалымдары туралы мүмкіндігінше көбірек объективті ақпарат жинаған жөн. Шетелдік жоғары оқу орындары мен ғылыми орталықтардың ресми сайттарында тағылымдама бағдарламалары, үміткерлерге қойылатын талаптар, сондай-ақ ғылыми-педагогикалық құрам туралы ақпарат беріледі. Сонымен қатар, университеттер мен зерттеу орталықтарының академиялық және пәндік бағыттар бойынша халықаралық рейтингтерімен танысу да артық болмайды.

Сұрақтарға берген жауаптарыңызбен Сіз СК мүшелерін дәл өзіңіздің Ғылыми тағылымдамадан өтуге лайықты үміткер екеніңізге сендіруіңіз қажет.

Конкурстық іріктеудің III туры – Шетелде кадрларды даярлау жөніндегі Республикалық комиссияның отырысы.

Жұмыс органы үміткерлердің материалдарын үшінші турға енгізеді, онда олар шетелде кадрларды даярлау жөніндегі Республикалық комиссияның қарауына ұсынылады. Бұл қарау кешенді тестілеу нәтижелерін, СК ұсынымдарын, сондай-ақ жұмыс органы бекіткен конкурстық іріктеудің саралау кестесіне сәйкес жүргізілген саралауды қамтиды.

Үшінші тур барысында Республикалық комиссия бірінші және екінші турлардың нәтижелерін қарастырып, ғылыми тағылымдама тағайындау немесе тағайындаудан бас тарту туралы түпкілікті шешім қабылдайды. Үміткерлер шешім туралы мәжіліс хаттамасына қол қойылғаннан кейін әкімшінің ресми интернет-ресурсында ақпарат жариялау арқылы хабардар етіледі.

Сәттілік серік болсын!!!