Жарияланған күні:
«Болашақ» халықаралық стипендиясы иегерлерінің тізімі жарияланды. Республикалық комиссияның шешімімен іріктеу конкурсының үшінші лектегі қорытындысы бойынша, 569 қазақстандыққа стипендия тағайындалды. Олардың ішінен әлемнің үздік жоғары оқу орнындағы магистратураға 163, 4 адам докторантураға түсті. «Тағылымдама» бағдарламасы бойынша 37 стипендиат білім алады. Тағы 365 ғалым шетелдік ғылыми-зерттеу және салалық орталықтарда тағылымдамадан өтеді.
Биыл Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша алғаш рет «Ғалымдар» санаты бекітілгенін естеріңізге саламыз. Бұл шешім қазақстандық ғалымдарға жетекші университеттерде, ғылыми және салалық орталықтарда жаңа білім алуға және еліміздің ғылыми әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.
«Болашақ» халықаралық стипендиясының иегерлері әлемнің 27 еліндегі жетекші университеттерде, ғылыми және салалық орталықтарда академиялық оқу мен тағылымдамадан өтеді. 220 адам АҚШ-тың, 136 адам Ұлыбританияның, 57 адам Ресей Федерациясының, 13 адам Аустралияның, 14 адам Германияның, 3 адам Жапонияның жоғары оқу орындарында оқиды.
Биыл «Қашықтан оқыту әдіснамасы мен әдістемесі. Педагогикалық платформаларды әзірлеу», «STEM пәндерді оқыту әдістемесі», «Стратегиялық менеджмент және жоғары оқу орнындағы көшбасшылық», «Педагогикалық инновациялар», «Биология, молекулалық биология, биохимия», «Вирусология. Инфекциялық аурулар. Эпидемиология», «Цифрлық экономика. Цифрлық Маркетинг», «Ақпараттық кибер қауіпсіздік және криптография», «Инновациялық менеджмент. Технологиялар менеджменті», «Биотехнология. Жасыл инновациялар. Биоинженерия» сияқты және т.б. мамандықтарға сұраныс артты.
«Болашақ» халықаралық стипендиясы иегерлерінің тізімі ҚР БҒМ Telegram парақшасында https://t.me/bilim_jane_gylym және Халықаралық бағдарламалар орталығының ресми сайтында жарияланды https://bolashak.gov.kz/kz/stipendiya-iegerleri. 2021 жылғы 24 желтоқсанда ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның кезекті отырысы өтті.
Комиссия шешімімен бұған дейінгі конкурстық іріктеудің екі легінің қорытындысы бойынша 309 стипендия, оның ішінде 51 стипендия «ғалымдар» санаты бойынша тағайындалған. Сонымен биыл «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқу үшін барлығы 1055 стипендия белгіленді. Соның ішінде 555 стипендия 5 санат бойынша магистратура, резидентура, докторантура, тағылымдама бағдарламасына берілді. 500 стипендия тағылымдамалардың жаңа «Ғалымдар» санаты бойынша бөлінді.