Жарияланған күні:

«БОЛАШАҚ» СТИПЕНДИЯСЫ ИЕГЕРЛЕРІНІҢ ТІЗІМІ ЖАРИЯЛАНДЫ

Республикалық комиссия шешімімен биылғы жылдың бірінші ағынында стипендия 199 қазақстандыққа тағайындалды. Олардың ішінде Гарвард, Кембридж, Оксофрд, Колумбия, Стэнфорд, Пенсильвания, Корнелл университеттері секілді әлемнің үздік жоғары оқу орындарына магистратураға 187, докторантураға 12 адам оқуға түсті.

Ағымдағы жылғы 12 шілде күні Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қариннің төрағалығымен Кадрларды шетелде даярлау жөніндегі республикалық комиссияның кезекті отырысы өтті.

«Мемлекет басшысының «Болашақ» бағдарламасын қайта бағдарлау жөніндегі тапсырмасы бойынша инженерлік-техникалық кадрларды даярлауға басымдық беріледі. Биыл техникалық және IT мамандықтарға бөлінетін гранттар үлесі 60%-ға ұлғайтылды. Өткізілген жұмыстың арқасында иженерлік-техникалық мамандардан «Болашақ» стипендиясын тағайындауға конкурстық іріктеуге қатысуға келіп түскен өтінімдердің саны өткен жылмен салыстырғанда екі есе артты», - деп атап өтті «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ Басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин.

Жалпы алғанда, биылғы жылы магистратура мен резидентураға 385 стипендия, докторантураға 60 стипендия бөлінді. Ағымдағы жылдың соңына дейін Республикалық комиссияның екі отырысы өтеді.

«Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындауға конкурстық іріктеуге қатысу үшін құжаттар қабылдау ағымдағы жылғы 23 мамыр мен 14 қазан аралығында өткізіледі. Тағылымдамадан өту үшін құжаттар қабылдау 2022 жылғы 5 қыркүйекте басталып, 14 қазанға дейін өтеді.

«Болашақ» халықаралық стипендиясы иегерлерінің тізімі Халықаралық бағдарламалар орталығының сайтында жарияланған: https://bolashak.gov.kz/kz/stipendiya-iegerleri